Басты / Жалпы ережелер
Жалпы ережелер

МЕМЛЕКЕТТІК КІТАПХАНАЛАРҒА ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЙЫМДАРҒА ТАРАТУ ҮШІН ҚОҒАМДЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ӘДЕБИЕТКЕ МҮЛІКТІК ҚҰҚЫҚТАРДЫ БЕЛГІЛІ БІР МЕРЗІМГЕ САТЫП АЛУ ЖӘНЕ (НЕМЕСЕ) ОНЫ БАСЫП ШЫҒАРУ ЖӨНІНДЕГІ ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

1. Осы Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару тәртібін айқындайды.

2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

1) автор – шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;

2) қоғамдық маңызы бар әдебиет – қоғамның рухани-білім және зияткерлік-мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған өзекті шығармалар.

2-тарау. Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу тәртібі

3. Мемлекеттік кітапханаларға және өзге де мемлекеттік ұйымдарға тарату үшін қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу үшін бұрын шығарылмаған әдебиеттерге іріктеу (бұдан әрі – іріктеу) жүргізіледі.

4. Іріктеуге қатысу үшін автор (авторлар) не оның сенімхаты бойынша өкіл (бұдан әрі – автор) күнтізбелік жылдың 1 ақпанынан 1 мамырына дейін мәдениет саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтінімді жібереді. Өтінімге мынадай құжаттар мен материалдар қоса беріледі:

1) туынды авторының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, өтінімді автордың өкілі оның сенімхаты бойынша ұсынған жағдайда, туынды авторының жеке басын куәландыратын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі қосымша ұсынылады;

2) автордың өкіліне нотариалды куәландырылған сенімхат;

3) А4 форматындағы әдебиеттің электрондық нұсқасы, шет сызықтары: сол жақ шеті – 25 миллиметр, оң жақ шеті – 15 миллиметр, жоғарғы шеті – 20 миллиметр, төменгі шеті – 20 миллиметр, Times New Roman қарпімен басылған, № 14 мөлшері, "біржолдық" жоларалық интервалда және (немесе) PDF форматында фотоальбом, сурет-альбом, кітап-альбом және әдебиеттің барлық түрлерінде иллюстрациялар.

Әдебиеттің көлемі авторлық парақтарда өлшенеді, ол: прозада – 40 000 белгіге, поэзияда – 700 өлең жолдарына тең. Фотоальбомның, сурет-альбомның және кітап-альбомның көлемі авторлық парақтарда өлшенеді, ол иллюстрациялық және бейнелеу материалдарының кескін ауданының 3000 шаршы сантиметріне тең.

5. Іріктеу келесі әдебиет түрлері бойынша жүргізіледі:

1) энциклопедиялық және анықтамалық әдебиет;

2) балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет;

3) мәдениет және өнер туралы әдебиет, оның ішінде ноталық әдебиет (ноталық шығармаларда ноталар шығарманың жалпы көлемінің 50% құрайды);

4) көркем әдебиет;

5) танымдық әдебиет;

6) қоғамдық-саяси әдебиет;

7) ғылыми-көпшілік әдебиет;

8) аударма әдебиет;

9) мерейтойлар мен атаулы күндерге арналған әдебиет;

6. Әдебиеттің бір түрі бойынша автор біреуден артық емес шығарма жолдай алады.

7. Өтінім және оған қоса берілетін құжаттар мен материалдар мынадай жағдайларда қараусыз қайтарылады:

1) осы Қағидалардың 4-тармағының бірінші абзацында көрсетілген мерзім өткеннен кейін уәкілетті органға келіп түскенде;

2) осы Қағидалардың 4-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген талаптарға сәйкес келмегенде;

3) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттар мен материалдар тізбесі толық болмаған жағдайда.

8. Уәкілетті органға келіп түскен әдебиет Қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі сараптама комиссиясының (бұдан әрі – Сараптама комиссиясы) қарауына енгізіледі.

9. Ұсынылған әдебиетті күнтізбелік жылдың 30 қыркүйегіне дейін Сараптама комиссиясы оның көркемдік құндылығының болуы, сондай-ақ сатып алудың өзектілігі, орындылығы тұрғысынан зерделеу және ол бойынша қорытынды дайындау үшін қарайды.

10. Сараптама комиссиясының қарау қорытындысы бойынша әрбір әдебиет бойынша қорытынды дайындалады.

11. Сараптама комиссиясының оң қорытындысын алған әдебиет қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында уәкілетті орган күнтізбелік жылдың 1 қарашасына дейін Қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу және (немесе) оны басып шығару жөніндегі ведомствоаралық комиссияның (бұдан әрі – Ведомствоаралық комиссия) қарауына енгізеді.

12. Ведомствоаралық комиссия күнтізбелік жылдың 25 қарашасына дейін уәкілетті орган ұсынған Сараптама комиссиясының қорытындыларын қарайды және қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды сатып алу бойынша шешім қабылдайды.

13. Ведомствоаралық комиссияның оң шешімі қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу үшін негіз болып табылады.

14. Сатып алынатын қоғамдық маңызы бар әдебиеттер тізімі уәкілетті органның интернет-ресурсында Ведомствоаралық комиссияның оң шешімі қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде орналастырылады.

15. Әдебиет "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" 1996 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Заң) 31-бабына сәйкес сатып алынады.




 

Қоғамдық маңызы бар әдебиетті іріктеу өлшемшарттары

1. Көркемдік құндылық;

2. Зияткерлік-білім беру және танымдық мазмұн;

3. Рухани-адамгершілік мәдениетті тәрбиелеу;

4. Тарихи шынайылық;

5. Берілген тақырыпқа сәйкес келетін сапалы иллюстрациялық және бейнелеу материалдар (болған жағдайда);

6. Аударманың әдебиеттің түпнұсқасына сәйкестігі.